Бес облыстағы республикалық жолдардың 12 учаскесінде қозғалыс шектелді
Бұған ауа райының қолайсыздығы себеп болған
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстанда республикалық маңызы бар бірқатар тас жол ішінара жабылды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2023 жылы 25 желтоқсанда сағат 19:00-дегі ахуалға сәйкес, ауа райының қолайсыздығына, атап айтқанда, көктайғақ, тұман болып, айналаның көріну деңгейінің шектелуіне байланысты 5 облыстағы (Ақмола, Ақтөбе, Батыс-Қазақстан, Қостанай, Павлодар) республикалық маңызы бар жолдардың 12 учаскесінде қозғалысқа шектеулер енгізілді», - делінген компания хабарламасында.
25 желтоқсанда сағат 18:00-ден бастап көктайғаққа байланысты республикалық маңызы бар мына тас жолдардың кей учаскесі автокөліктің барлық түрлері үшін жабылды:
- Астана-Ерейментау-Шідерті - 16-200 км, (Астана қаласынан Павлодар облысының шекарасына дейін);
- Астана - Петропавл, 18 – 234 км, (Астана қаласынан Щучинск қаласына дейін).
Сонымен қатар, сағат 19:00-ден бастап көктайғақ пен қалың тұманға байланысты республикалық маңызы бар мына тас жолдардың кейбір учаскелері автокөліктің барлық түрлері үшін жабылды:
- Екатеринбург-Алматы, 917-1230 км (Жақсы ауылынан Қажымұқан ауылына дейін);
- Қостанай-Әулиекөл-Сұрған, 232-60 км (Қостанай облысының шекарасынан Сұрған кентіне дейін);
- Жезқазған-Петропавл, 377-552 км (Қостанай облысының шекарасынан Сұрған кентіне дейін);
- Жақсы-Есіл-Бұзылық, 0-82 км (Жақсы ауылынан Бұзылық ауылына дейін).