Президент елордада тағы бірнеше өндіріс кешенінің жұмысымен танысты

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың қатарында YDA Industrial Park, MODEХ Astana зауыттары бар

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Астанадағы YDA Industrial Park біріккен өндіріс кешенінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көпсалалы өндіріс кешенінің құрамына медицина және кеңсе жиһаздарын, медициналық жабдықтар, модульді құрылыстар мен металл конструкцияларын, терезелер мен витраждар шығаратын бес кәсіпорын кіреді.

«Аталған бес кәсіпорын өзара тығыз байланысты, сол арқылы ортақ жобаны жүзеге асыруға бірлесе атсалысады. Бұл – кешеннің өзіндік ерекшелігі Ал өндірілетін өнімдер импортты алмастырады. Тауарлардың құны да, сапасы да шетелдік баламаларынан кем түспейді», - делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның өндіріс цехтары мен өнім түрлері қойылған шоурумды аралап көрді.

Жоба инвесторы, түркиялық YDA Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хуссейн Арсланның айтуынша, біріккен өндіріс алаңы жеке инвестиция (30%) мен қарыз қаражаты (70%) есебінен 2021-2022 жылдары іске қосылған. Жалпы құны 22 миллиард теңге болатын жоба аясында 300 адам жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына YDA Group өнімдерімен толық жабдықталған және компанияның қаржысына салынған «Harmony Steam School» мектебі таныстырылды.

Балалар мұнда нақты ғылымдарға басымдық бере отырып, STEAM (Science, Technology, Engineering, Arts, Math) технологиясы бойынша оқиды. Мектепті бітірген түлектер инженерлік мамандық алып шығады.

– STEAM – физика, математика сияқты техникалық пәндерге баса мән берілетін ерекше бағдарлама. Сапалы білімге қатысты барлық бастамаға оң көзбен қараймын. Біз сіздерді қолдаймыз, –деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы отандық өндірісті дамыту және ірі жобаларды іске асыру кезінде жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін арттыру маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар Президент елордағы өндіріс нысандарын аралау барысында MODEХ Astana ЖШС-нің жұмысымен танысты.

MODEХ Astana – BI Group холдингінің еншілес кәсіпорны. Компания 2020 жылдан бастап жұмыс істейді және онда 360 адам еңбек етеді. Жобаның құны – 16 миллиард теңге.

Кәсіпорында индустриялық-модульдік құрылыстың инновациялық технологиялары қолданылады.

BI Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевтың айтуынша, модульдік үйдің құрылысы әртүрлі ғимарат салу уақытын едәуір қысқартуға, олардың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл халықтың басым бөлігі үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуына ықпал етеді.

«Аталған технологияны үйлердің, коттедждер мен тұрғын үй кешендерінің құрылысы кезінде ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу барысында да қолдануға болады», - делінген хабарламада.

Компания құрылған күннен бастап осы технология бойынша жалпы ауданы 200 мың шаршы метрден астам нысандар салды.