Президент пластмасса бұйымдарын шығаратын зауытқа барды

Автор: Azattyq Rýhy

Кәсіпорын жыл сайын 72 миллион пломба мен 24 миллион дана сырға шығарады

Фото: Ақорда

Астана қаласының №1 Индустриялық паркін аралап көру барысында Мемлекет басшысы «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» ЖШС-нің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2018 жылы негізі қаланған компания резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіреді. Кәсіпорын жыл сайын 72 миллион бақылау-индикатор пломбалары мен өздігінен жабысатын лейблдер, сондай-ақ мал шаруашылығында қолданылатын 24 миллион дана сырға шығарады», - делінген хабарламада.

«Универсал» ЖШС компаниялар тобына кіретін «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» полипропилен қаптарын шығаратын зауытты, сондай-ақ Қазақстанның өзге де өңірлерінде крахмал және крахмалдың қантқа айналып үлгермеген түрін өндіретін ірі өндіріс орнын басқарады.  

«Қазіргі уақытта Түркістан облысының Шардара қаласында жүгері дәнін терең өңдеу жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Зауыттың қуаты жылына 150 мың тоннаны құрайды», - делінген хабарламада.

Компаниялар тобы 80-нен астам өнім түрін шығарады. Мұнда 3400 адам жұмыс істейді. Салынған инвестиция көлемі – 60 миллиард теңге.