Бұл ауру катаральды белгілері бар пароксизмал жөтелмен сипатталады
Қостанай облысында бес бала көкжөтел жұқтырған. Бір бала бір жасқа да толмаған, ал қалғандары бір жастан беске дейінгі балалар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Костанайские новости» басылымына сілтеме жасап.
Ауырған балалар бұл инфекцияға қарсы екпе алмаған. Үш баланың ата-анасы жеке сеніміне байланысты екпеден бас тартқан. Ұйымдасқан ұжымдарда көкжөтел жұқтырудың топтық жағдайлары тіркелген жоқ.
«Көкжөтел - Bordetella тұқымдас бактериялар тудыратын жұқпалы ауру. Ауру катаральды белгілері бар пароксизмал жөтелмен сипатталады. Бұл жағдайда науқаста жүрек-қан тамырлары, тыныс алу органдары және жүйке жүйесі зақымдалады», - деп түсіндірді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досумова.
Көкжөтелдің инкубациялық кезеңі 3 күннен 14 күнге дейін. Ең тиімді профилактикалық шара - екпе алу. Вакцинация балаларға ата-анасының рұқсатымен жүргізіледі.