Екібастұзда көпқабатты тұрғын үйлерге бірнеше сағат ішінде жылу беріледі – әкім

Azattyq Rýhy

Павлодар облысының әкімі Асайын Байқанов мәлімдеме жасады

Екібастұзда көпқабатты тұрғын үйлерге бірнеше сағат ішінде жылу беріледі – әкім
Фото: istockphoto.com

Екібастұзда көпқабатты тұрғын үйлерге алдағы бірнеше сағаттың ішінде жылу беріледі. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байқанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, бүгін түнде, сағат 04:30-да Екібастұз ЖЭО-да су жылыту қазандықтарының жұмысы қатты отынға ауыстырыла бастады.

«Кеше түнде күлді шаю құбыры зақымданғаннан кейін станцияда қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізілді. 10 желтоқсанда кешкі сағат 19.30-да бұрын су басқан барлық учаскелер құрғатылды. Бұдан соң, мамандар екі электр қозғалтқышын ауыстыруға кірісіп, сорғы күл құбырының жұмысын қалпына келтірді. Сағат 06:00-де бұрын мазутта жұмыс істеген үш су жылыту қазандығы отынның негізгі түріне – көмірге толығымен ауыстырылды», - деді өңір басшысы.

Қазіргі уақытта станция белгіленген параметрлерге шықты, 6 қазандық агрегаты жұмыс істеуде, 3 қазандық-резервте, 1-уі жоспарлы жөндеуде. Жылыту параметрлері: қысым - 9/1,5 кгс/см2; ЖЭО-нан шыққан температура-79 °С құрайды.

«Келесі үш-төрт сағат ішінде екібастұздық пәтерлерде жылырақ болады, таңертеңгі 10:00 температуралық параметр 90 °С-қа жеткізуі көзделген», - деді А. Байқанов.

Айта кетсек, 10 желтоқсанда Екібастұз ЖЭО-да күл құбырының зақымданғаны анықталды. Екінші ыстық су қазандығы цехының су сорғы стансасын су басып қалды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.