Костенко шахтасында болған апатқа қатысты қылмыстық жауапкершілікке 7 адам тартылды – Бас прокуратура

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды

фото: ашық дереккөзден

2023 жылдың 28 қазанында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы көмір шахталарында бірқатар жарылыс болып, нәтижесінде 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алған. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары ІІМ, ҚМА, ТЖМ және Агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің қатысуымен жүргізуде, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу барысында қайғылы оқиғаға шахтаны пайдалану кезінде өндірістік және өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ еңбекті қорғау ережелерін көптеген бұзушылықтарға жол берілуі тікелей байланысты екені анықталды.

«Қазіргі уақытта көмір өндіру кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеді деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық жауапкершілікке 7 адамнан тұратын шахтаның басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамы тартылуда», - делінген хабарламада.

Қылмыстық процестік кодекстің 128-бабына сәйкес күдіктілер Қарағанды облысындағы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу аясында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ мен Төтенше жағдайлар министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің шахтаның қауіпсіз жұмыс істеуіне тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген тиісті тұлғаларына да құқықтық баға берілетін болады.

Тергеу жалғасуда және ерекше бақылауда.