Келесі жылы еліміздің 13 ЖОО-да инклюзивті білім беру кабинеттері пайда болады

Автор: Azattyq Rýhy

Педагогикалық бағыттағы оқу орындары арнайы жабдықтармен қамтамасыз етіледі

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінен

Еліміздің педагогикалық бағыттағы 13 жоғары оқу орнында инклюзивті білім беру кабинеттері құрылады. Арнайы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған кабинеттер студенттерге тәжірибе сабақтарын өткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі. 

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі инклюзивті білім беру саласын дамыту мақсатында «Арнайы педагогика», «Дефектология», «Олигофренопедагогика», «Логопедия», «Тифлопедагогика» және т.б. білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын педагогикалық бағыттағы 13 жоғары оқу орнын арнайы жабдықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.   

Құрал-жабдықтардың тізбесін әзірлеу барысында дамуында әртүрлі ауытқулары бар барлық оқушылардың білім алу қажеттілігі, сондай-ақ аталмыш құралдардың мақсаты мен функционалдық қасиеттері ескеріледі. Атап айтқанда, еліміздің педагогикалық университеттерін сенсорлық бөлме, бақылау және қадағалау жинағы, сенсорлық интеграцияны дамытуға арналған жабдықтар,  бедерлі-нүктелі Брайль шрифтімен басып шығаруға арналған принтер және т.б. көмекшілермен жаңарту ұсынылды.

Жаңа заманауи құралдар студенттерге ерекше білім алу қажеттілігі бар балалармен жұмыс барысында практикалық дағдыларды дамытуға септігін тигізеді деп күтілуде.

«Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып жатқан «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы аясында жоғары оқу орындарын ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған құрал-жабдықтармен жабдықтау 2024 жылға жоспарланып отыр», - деп хабарлайды ведомство.