Ауыл шаруашылығына 9,4 млрд теңге инвестиция тартылды - Қызылорда облысының әкімі

Автор: Azattyq Rýhy

Қызылорда облысының бюджеті 609 млрд теңгеге жеткен

Фото: Орталық коммуникациялар қызметінен

Қызылорда облысында биыл 503 мың тонна күріш жиыналды. Егін науқаны кезінде әр гектардан 56,5 центнер өнім алынған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ауыл шаруашылығы - өңір экономикасындағы басты секторларының бірі. Аймақтың табиғи–климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сәйкес ауыл шаруашылығы толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш өсіруге бейімделген.

 «Су тапшылығына қарамастан күріш өнімділігі бойынша өткен жылмен бірдей болды. Облыстың ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуеті артып, өткізу нарығы кеңеюде. Соңғы екі жылда құны 84 млн АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Экспортталған өнімнің 96%-ы - өңделген өнім. Суды үнемді пайдалану үшін тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерінің қолдану аясын кеңейтуге басымдық берілуде», – деді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Осы жылы су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 872 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл тенденция жыл сайын арттыру көзделген. Аймақта күріштің, өзге де дақылдардың жаңа сорттарын шығарып, өнім сапасын арттыру үшін Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының қызметімен бірлесіп жұмыс атқарылады. Жақында Ауыл шаруашылығы ғылым Академиясымен агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми және инновациялық дамыту саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылды.

«Өнімділігі жоғары, өсу мерзімі қысқа күріштің жаңа сорттарын өндіріске енгізудеміз. Ғалымдар бірнеше жаңа сорттарды сынақтан өткізуде. Биылғы нәтиже жақсы. Пилоттық жобадағы сорттар 10 центнерден жоғары өнім беріп, 10-15 күн ерте пісті. Келесі жылы да осы оң көрсеткіш сақталса, 2025 жылдан бастап жаңа сорттар қолданысқа енеді», – деді спикер.

Егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары жүріп жатыр. 2025 жылға қарай күріш алқабы бөлінген су көлеміне қарай азайтылады. Оның орнына суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемі 8,7 мың гектарға  арттырылады.Майлы дақылдар алқабы 13%-ға, мал азықтық дақылдар алқабы 8%-ға, картоп, көкөніс, бақша дақылдар алқабы 0,5 %-ға, басқа дәнді дақылдар егісі 21%-ға ұлғаяды.

Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыста суармалы жүйелерді қалпына келтіретін  жол картаның әзірленгенін айтты. Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге суармалы жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі жол картасы әзірленді. Оның аясында облыста тасқын суларды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру мен жаңғырту шаралары жүргізіліп жатыр. 

«Заманауи суды бөлу мен есепке алу жүйелерін енгізу үшін халықаралық компанияларды тартудамыз. Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай қашан да өзекті. Соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 6,8 млрд текше метрге азайды. Өткен жылдан бастап 4,6 млрд теңгеге «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда», – деді өңір басшысы.

Бұл жоба 2024 жылы аяқталады. Оның аясында зақымдалған бөгетті қалпына келтіріп, теңізде су айналымын қалыптастыру арқылы тіршілік нәрінің тұздылығын төмендету жоспарда бар.

Әкімнің сөзінше, Қызылорда облысының бюджеті 609 млрд теңгеге жеткен. Биыл Қызылорда облысының даму бюджетінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Яғни өсім 57 %-ды құрады. Өңірдегі мұнай қоры сарқылып жатқандықтан, мұнда өнеркәсіпті дамытуға басымдық берілді. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен 10 айдағы жұмыстың нәтижелерімен бөлісті. 

«Ағымдағы жылдың 10 айында өңдеу өнеркәсібі –  24,%-ға, ауыл шаруашылығы – 2,6%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 21,2 %-ға, тұрғын үй – 16,7%-ға, сауда 4,3 %-ға, көлік және қоймалау көлемі – 8,8 %-ға, негізгі капиталға тартылған инвестиция – 27,7 %-ға артты, жеке инвестициялар – 34,6%-ға өсті»,-деді облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.

Алдағы 6 жылда бұл жұмыстар жалғасын табады. Мәселен, Қызылорда өңірінде құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 65 жоба іске қосылмақ. Жоспарға сәйкес мұнда тоғыз мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Биылдың өзінде  құны 14 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылды. Қабылданған шаралардың негізінде өнеркәсіп құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 30-%-ға ұлғайды. 

Былтыр іске қосылған шыны зауыты тұрақты өнім шығарып, оның 70 %-ын ішкі нарыққа, 30 %-ын Ресей,Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан  елдеріне экспорттап жатыр.Зауыттың негізгі қуаттылығы -197,1 мың тонна. Кәсіпорын іске қосылғаннан бері жобалық қуаттылықтың 85 %-ы игерілді. 167 мың тонна өнім шығарылды. 

«Шыны зауытының аясында шағын және орта кәсіпкерліктің белдеуін дамытуға мүмкіндік мол. Зауыт жанынан құны 130 млрд теңгеден асатын 8 түрлі шыны бұйымдарын шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын құрылады. Жылына қосымша 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылып, бөтелкелер және алғашқы айна зауытының құрылысы басталады. Бұл 3 жобаның жалпы құны – 32,3 млрд теңге. Құны 1 млрд теңгені құрайтын әк және құрғақ құрылыс қоспаларын шығару цехы іске қосылады», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ 2024 жылы аймақта құны 27,1 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылады.