«Түсініксіз арқандармен шығады»: Елнұр Бейсенбаев өндірістік альпинистер қауіпсіздігі жайлы

Ол қауіпсіздік шаралары сақталмай отырғанын айтты

«Түсініксіз арқандармен шығады»: Елнұр Бейсенбаев өндірістік альпинистер қауіпсіздігі жайлы
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды жетілдіру бойынша көшпелі отырыста алтпинистердің мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Еліміздегі кәсіпорындарда 1,6 млн адам жұмыс істейді. Оның 400 мыңы, яғни 4/1 қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейді. Ол бір облыстың халқымен пара-пар азаматтар. Ондай азаматтарды қорғау - біздің парызымыз. Аталған кәсіпорындардың барлығында еңбек қауіпсіздігі ережелері толық сақталған деп айта алмаймыз. Бұған осы соңғы бірнеше айдың ішінде орын алған апаттар куә. Мәселен, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына тиесілі Костенко атындағы шахтада болған апатта 46 адам қаза тапты. Одан екі жарым ай бұрын «Қазақстан» шахтасындағы апатта 5 адам көз жұмған еді», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Ол атағандай, бұған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударып, кеншілер отбасымен кездесуінде мемлекеттің кен орындарының иелерімен әріптестікті тоқтататынын мәлімдеді.

«Расында, әлемнің жиырма шақты елінде жұмыс істейтін «Арселор Миттал» компаниясының дамыған мемлекеттердегі өндіріс орындарында мұндай апаттар жайлы естімейміз. Сондықтан мұндай алпауыт компанияларға қойылатын талаптарды да, мемлекеттік бақылауды да күшейтетініне кез жетті. Сондай-ақ, «Қазақмыс» компаниясы да өндірістік апаттан көз ашпайды. Таяуда ғана бұл компанияның Жамбыл облысындағы «Жайсаң» кенішінде екі жұмысшы қаза тапты. Қараша айының басында да осы компанияның Жезқазған кен байыту фабрикасында бір машинист қайтыс болған еді», - деді ол.

Сондай-ақ, депутат Астана қаласында қазан айының басында екі өндірістік альпинистің биік ғимараттан арқаны үзіліп кетіп құлап, мерт болғаны көпшіліктің қабырғасын қайыстырғанын айтты.

«Бізде биік ғимараттар көбейіп жатыр. Бұл мәселе де сырт қалмауы керек. Кез келген өндірістік альпинистің де мәселесін реттеуіміз керек. Кім олар? Жеке кәсіпкерлер. Бір альпинистерді қабылдайды, түсінісіз арқандармен шығады. Қауіпсіздік шаралдарын пайдаланбайды. Жап-жас, 25-ке толмаған азаматтар. Отбасы бар, шырылдаған балалар арттарында қалып қойды. Бұлар көпке белгілі болғаны ғана. Ал жабулы қазан жабулы күйінде қалғаны қаншама», - деді депутат.

Оның айтуынша, бұл қайғылы салдарларға әкеліп соқтырған жағдайлардың бәрінің себебі біреу, ол – еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы, кәсіпорындардың қауіпсіз еңбек жағдайын талапқа сай қамтамасыз етпеуі.

«Сонымен қатар, бұл, еліміздегі өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік қадағалаудың да тиімсіздігін көрсетіп отыр. Сондықтан елімізде қауіпті және зиянды өндіріс нысандарында өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру, еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша заң талабын қатаңдатумен қатар, осы бағыттағы дамыған елдердің тәжірибесін зерделеп, олардың оң тұстарын енгізуді қолға алудың қажеттігі айқын. Әсіресе, кәсіпкерлік субъектілеріне бірдей талап қоймай, олардың салалық ерекшеліктері мен адам денсаулығына тигізетін зияны мен қауіптілік деңгейлерін ескере отырып, бақылау тетіктерін енгізген жөн», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.