Елімізде құстардың ұшақтармен соқтығысуы биыл 58% -ға төмендеген

Автор: Azattyq Rýhy

Қолға алынған шаралар әуе айлақтарының айналасындағы орнитологиялық жағдайды жақсартуға әсер етті

Фото: freepik.com

Қазақстанда құстардың ұшақтармен соқтығысуы 58% -ға төмендеді. Бас көлік прокуратурасы органдарының қадағалау актілері бойынша Көлік министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп авиақауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған шараларды жүргізіп жатыр. Құстар көп шоғырланатын қоқыс полигондары жойылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Қолға алынған шаралар әуе айлақтарының айналасындағы орнитологиялық жағдайды жақсартуға әсер етті.

Үкімет бекіткен жол картасы шеңберінде Азаматтық авиация комитеті әуеайлақтар маңында құстардың жаппай жиналуына ықпал ететін жағдайларды жою жөніндегі шаралар кешенін іске асырып жатыр.

«Бұл полигондардың орнын ауыстыруды және қоқыс үйінділерін жоюды қамтиды. Бүгінгі таңда Алматы, Шымкент, Астана және Түркістан қалаларында мұндай полигондар жойылды, ал Орал және Балқаш қалаларында санитарлық аймақтан тыс жерлерге көшіріледі. Сондай-ақ, құстарды қорқыту үшін пиротехникалық құралдар, биоакустикалық қондырғылар және электронды шулы жүйелері қолданылады», - деп хабарлады Бас көлік прокуратурасы.

Авиакомпанияларға заң актілерімен құстардың әуе кемелерімен соқтығысуы туралы хабарлау міндеті жүктелді. Жоғарыда аталған іс шаралардың нәтижелері бойынша әуе кемелерінің құстармен соқтығысуы өткен жылмен салыстырғанда 2023 жылы 58%-ға төмендеген.

«Қауіпсіздікті арттыру үшін әуежайлар «соқыр» аймақтарды қоспағанда, бейнебақылаумен барынша жарақтандырылады. Оған қоса олардың орналасуы, техникалық сипаттамалары және басқа параметрлер бойынша бірыңғай стандарттар әзірленуде, олар командалық ұшу және жер үсті персоналының іс-әрекеттерін объективті бақылауды қамтамасыз етеді. Елдегі әуе кемелерінің паркі жаңартылады, мұздануға қарсы сұйықтықтармен өңдеу бойынша арнайы машиналар сатып алынуда және т.б. Осы және басқа бастамалар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жан-жақты тәсілдің бөлігі болып табылады», - делінген хабарламада.