«Алматы Хостел» ғимаратындағы өрт: қылмыстық істі тергеу басталды
Қылмыстық іс тергеуі Бас Прокурордың бақылауында болады
30 қарашадағы «Алматы Хостел» ғимаратындағы өрт оқиғасына байланысты ҚР ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Бас прокуратурадан мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бас Прокурордың тапсырмасына сәйкес қылмыстық іс арнайы прокурордың іс жүргізу өндірісіне қабылданды. Құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Өрттің шығу себебі мен алғышарттарын анықтау мақсатында оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, сараптамалар тағайындалып, өзге де жедел-тергеу іс шаралары ұйымдастырылып жатыр. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен хостелді жалға беруші А.Мухамедъяров прокурорлармен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды», - делінген ҚР Бас прокуратурасының хабарламасында.
Тергеу аясында хостелдің қызмет көрсетуіне қатысы болған барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Қылмыстық іс тергеуі Бас Прокурордың бақылауында болады.
Еске салайық, 30 қараша күні Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапқан болатын.