Бүгінде Ақтөбе облысындағы 185 бастауыш партия ұйымы 32 мыңнан астам адамды біріктіріп отыр
Ақтөбе облысында «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринованың қатысуымен бастауыш партия ұйымдарының жиыны өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов облыстағы бастауыш партия ұйымдарының атқарған жұмысын баяндады.
«Бүгінде облыстағы 185 бастауыш партия ұйымы 32 мыңнан астам адамды біріктіріп отыр. Биыл бұл ұйымдар 3 мыңнан астам іс-шара өткізіп, «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра» партиялық жобаларын жүзеге асырды», - деді ол.
Оның айтуынша, бастауыш партия ұйымдарының атсалысуымен өңірде жол картасын іске асыру мақсатында биыл 18 нысан іске қосылған. Атап айтқанда, үш зауыт ашылып, 401 жаңа жұмыс орны құрылған. 1200 орындық 8 спорт нысаны пайдалануға берілген. Сонымен қатар Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылында 60 орындық мектеп өз жұмысын бастады. Ақтөбе қаласында 200 орындық №12 орта мектеп және 150 орындық №14 орта мектеп ғимараттарына қосымша құрылыс салынып, жалпы саны 23 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Денсаулық сақтау саласында 4 дәрігерлік амбулатория ашылған.
Басқосуда партия хатшысы Шолпан Каринова бастауыш партия ұйымдарының атқаратын рөлі мен қызметіне тоқталды.
«Осыған дейін бірнеше саяси науқанды бірлесіп атқардық. Барлық деңгейдегі депутаттардың сайлауына, жақында өткен аудан әкімдерінің сайлауына атсалыстыңыздар. Президентіміздің сайлауалды бағдарламасындағы көзделген межелерді іске асыруға, көрсеткіштерге қол жеткізуге үлес қосып келесіздер. Әр өңірге барған кезде партиялық жобалардың нақты іске асырылып жатқанын көріп отырмыз. Бүгінде елімізде 17 партиялық жоба жүзеге асырылуда. «Ауыл аманаты» жобасы тұрғындардың өз ісін ашуға септігін тигізсе, «Жер аманаты» жобасы бойынша бос тұрған жерлер мемлекетке қайтарылып, мақсатты пайдалануға беріліп жатыр. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы партияның алаңында басталып, биыл ел Президенті оны республикалық деңгейде кеңейтуге тапсырма берді. Бұл - біздің партия үшін үлкен жетістік», - деді Шолпан Каринова.
Жиында облыс орталығындағы және Шалқар, Темір, Хромтау аудандарындағы бастауыш партия ұйымдары төрағаларының баяндамалары тыңдалды.
Шалқар аудандық орталық ауруханасының бастауыш партия ұйымының төрағасы Әлия Оспанованың айтуынша, ауданда биыл қарқынды жұмыстар жүргізілген.
«Үш жылдан бері 193 мүшесі бар бастауыш партия ұйымының төрағасы қызметін атқарып келемін. Бастауыш партия ұйымының төрағасы ретінде тұрғындарға 6 рет қоғамдық қабылдау өткіздім. Олардан түскен 21 өтініштің 15-і немесе 71,4 пайызы оң шешілді, 6-на заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысында жергілікті атқарушы органдарға 5 депутаттық сауал жолдадым», - деді ол.
Жиын соңында бастауыш ұйымның жұмысына белсенді үлес қосқан партия мүшелері «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің және облыстық филиалдың Атқарушы хатшысы Ербол Данағұловтың Алғыс хатымен марапатталды.