Еуроодақ пен Ұлыбритания Brexit келісімін мақұлдады

Автор: Azattyq Rýhy

Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы әзірге 31 қазанға жоспарланған

Фото: ашық дереккөзден

Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон Еуроодақпен Brexit келісіміне қол жеткізілгенін хабарлады, деп жазады ВВС. Еуроодақ делегациясының басшысы Мишель Барнье де күрделі келіссөздер нәтиже бергенін мәлімдеді.

«Біз келіссөздер барысында екі мәселе бойынша ортақ келісімге келуіміз керек еді. Біріншісі – заңды Брекситке қол жеткізу, Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасында шекара посттарын болдырмау. Еуроодақ пен Ұлыбритания Ирландия аралындағы тұрақтылықты қорғауды мақсат етеді. Сол себепті Еуроодақтың ортақ нарығын қорғап, жалпыирландық экономиканы сақтап қалу туралы шешім қабылданды», дейді Мишель Барнье.

Оның айтуынша, келіссөздерде қарастырылған екінші мәселе - Солтүстік Ирландияны Ұлыбританияның кедендік кеңістігінде сақтап қалу.

Мақұлданған келісім 17-18 қазанда өтетін Еуроодақ саммитінде бекітілуі тиіс. Әзірге Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы  31 қазанға жоспарланып отыр.