ШҚО-да жер үй өртеніп, бір адам көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

Тілсіз жаудың шығуына отты абайсыз қолдану себеп болуы мүмкін

Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында жер үй өртеніп, бір адам көз жұмды. Бұл туралы ШҚО ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департаменттің мәліметінше, 30 қарашада таңертең Алтай қаласындағы Абай көшесінде жеке тұрғын үй өртенген. 

«Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Сол кезде үйдегі бөлмелердің бірінің қабырғасы және ағаш еден жанып жатқан. Түтін тұмшалаған үйді барлау кезінде құтқарушылар 58 жастағы үй иесінің денесін тапты», - делінген хабарламада.

Көп ұзамай жалпы ауданы 6 шаршы метр аумақты құраған қызыл жалын толықтай сөндірілді. Өртпен күреске жеке құрамнан 7 адам және 2 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылған. 

Тілсіз жаудың шығуына отты абайсыз қолдану себеп болуы мүмкін.