Алматыда егілген 460 көшетті сындырған қаскөйлер ұсталды

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Күдіктілер шығынды өтейді

Фото: polisia.kz

Алматыда егілген 460 көшетті сындырумен айналысқан күдіктілер қолға түсті, деп хабарлайды Polisia.kz сілтеме жасаған Azattyq Ruhy.

Полиция қызметкерлері егілген көшеттерді қасақана жойып жіберген екі бұзақыны тауып, ұстады. Алматы қаласы Жетісу ауданындағы cолтүстік айналма көшесінің бойына тұрғындар үшін жас ағаштар отырғызылған.

«Қылмысты ашу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер анықталып, ұсталды. Күдіктілер бұрын есірткі қылмысы үшін сотталған 28 жастағы қала тұрғыны мен Жетісу облысының 30 жастағы азаматы болып шықты. Олар заңсыз әрекеттер жасағанын мойындады. Қылмыстың себебі тергеу барысында анықталатын болады», – деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.

ҚР ҚК-нің 340-бабы 3-бөлігі (Ағаштарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) бойынша тергеу жалғасып жатыр. Сондай-ақ полиция бұзақыларға келтірген шығынды өтеу шаралары қолданылатынын айтты.