Ақордада Того президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фор Эссозимна Гнассингбе бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды
Ақорда резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Того республикасының президенті Фор Эссозимна Гнассингбені салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фор Эссозимна Гнассингбе бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, сапар аясында жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіледі.
«Келіссөздер барысында екіжақты сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту перспективалары, сондай-ақ Қазақстанның Африка құрлығындағы мемлекеттермен өзара ықпалдастық мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр», - делінген Ақорда хабарламасында.
Келер жылы Қазақстан мен Того арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 10 жыл толады.
Айта кетсек, Того – Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Халқының саны – 8,645 млн. Ресми тілі – француз тілі. 1960 жылдан бастап ел БҰҰ-ға мүше, ал 1963 жылдан Африка Бірлігі ұйымының мүшесі.