Қарағанды облысында бұрынғы полицейлер майнинг жабдықтарын ұрлады деген күдікке ілінді

Автор: Azattyq Rýhy

Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілмейді

Фото ашық дереккөзден

Қарағанды облысында бұрынғы екі полиция қызметкері майнинг жабдықтарын ұрлау және өкілеттіктерін теріс пайдалану ісі бойынша күдікті деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

27 қарашада Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінен хабарлағандай, өңірлік полицияның өзіндік қауіпсіздік департаменті құқық қорғау органдарының екі бұрынғы қызметкері күдікті ретінде қарастырылатын қылмыстық істі тергеп жатыр.

ҚР ҚК-ның 188-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы және 361-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша бұрынғы полицейлерге майнинг жабдықтарын ұрлады, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдік келтіріледі. 

«Қарағанды облысы прокуратурасының келісімі бойынша бұрын теріс себептермен жұмыстан шығарылған полиция департаментінің тергеу басқармасының бұрынғы бастығы Рустам Құлкеев пен осы басқарманың тергеушісі Қанатов аталған қылмыстық іс бойынша күдікті мәртебесіне ие. Тергеу әрекеттерін жүргізу үшін Құлкеевтің орналасқан жері анықталып жатыр. Тергеуге келмеген жағдайда оған іздеу жарияланады», - деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілмейді.