Биыл Алакөл жағалауында 1,5 млн турист демалған

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы Жетісу облысының әкімі мәлімдеді

Фото ашық дереккөзден

Табиғи-климаттық жағдайы туризмді дамытуға қолайлы Жетісу өңірінің осы саладағы инфрақұрылымдық әлеуеті күшейтіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында өңір басшысы Бейбіт Исабаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ол Алакөл мен Балқаш жағалауына апаратын жолдардың құрылысы келер жылы толықтай аяқталатынын жеткізді.

«Алакөлге жол берілген, 90%-ға аяқталып отыр. Балқашқа жолды келер жылдың қарашасына дейін бітіреміз. Үшарал әуежайы былтыр толық жөндеуден өтті. Үлкен габаритті ұшақтарды қабылдай алады. Алакөлдің жағасындағы Ақши ауылына Астанадан «Тальго» пойызының қатынасы ашылды», – деп баяндады Бейбіт Исабаев. 

Аймақ басшысы жариялаған мониторинг деректеріне сәйкес, 10 айда облысқа барған туристер саны 2 млн адам болса, оның 1,5 миллионы Алакөл жағалауында демалған. 

Сонымен қатар Балқаш көлі жағасында инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы басталады, бұл мақсатқа келесі жылы 2,1 млрд теңге қарастырылған. Ал 2025 жылдан бастап демалыс орындары, қонақ үйлер салына бастайды. 

 

Жетісу өңірінің әкімі «Алтынемел» ұлттық паркі аумағында құны 2 млрд теңге тұратын визит-орталығы салынғанын еске салды.  

«Шаңғы-биатлон кешенін салу және Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолды жөндеу бойынша жобалық құжаттама әзірленуде. Келесі жылы дайын болады», – деді ол.

Сондай-ақ, Бейбіт Исабаев Шоқан Уәлиханов мұражайына апарар жол жөндеуден өтіп, мұражайды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғанын атап көрсетті.  

«Осы айтылған жұмыстарды толық орындайтын болсақ, облыс аумағында туризмді серпінді дамытуға толық мүмкіндік бар», – деп мәлім етті Жетісу өңірінің басшысы.