Қазақстандық ғалымдар коронавирусты анықтайтын тест жасады

Автор: Azattyq Rýhy

Отандық өнім қауіпті инфекцияны небәрі 5 сағатта анықтап береді

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандық ғалымдар COVID-19 коронавирус инфекциясын анықтайтын екі тест жасап шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Хабар 24 агенттігіне сілтеме жасап. 

Отандық өнім шетелдік тестпен салыстырғанда дәлдігі жағынан жоғары және адам ағзасындағы қауіпті инфекция туралы мәліметті небәрі 5 сағатта анықтап береді. Қазіргі кезде адамзат үшін өте маңызды тест аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының Орталық референц-зертханасында жасалған. 

«Бұл тест бүгінде регистрацияға берілді. Оны да болашақта қолданысқа береміз деп отырмыз. Бізде ресейлік бар, европалық тест бар, Қытайдан келген тестер бар. Біздің тест олардан, өзінің сезімталдылығы жағынан бірдей. Бізге жаңағы материал түскен кезде біз осыны 5-6 сағаттың ішінде дәлелдеп оның жаңағы оң нәтиже, теріс нәтиже екені туралы қорытындымызды бере аламыз», - дейді М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ҰҒО бас директоры Тоқтасын Ерубаев. 

Шын мәнінде елімізде қазір екі тест жүйесі бар. Қазақстандық ғалымдардың екі тобы бір мезгілде тест жасауды қолға алған болатын. Олар зерттеу жұмыстарына қаңтар айында, елімізде коронавирус инфекциясы тіркелмей тұрып-ақ кіріскен. Денсаулық сақтау, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің биотехнологтары екі зертханада, бірақ бір ғимараттың ішінде жұмыс істейді.