Жыл басынан бері арнайы комиссия аптасына 2 реттен көшпелі жиналыстар ұйымдастырып келеді
Бүгінде Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауының алдын алу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған, деп хабарлады Azattyq Ruhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, айналым механизмі аясында кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз қаражаттар беру, делдалдық қызметті шектеу шаралары қолға алынған және қала аумағында азық-түлік жәрмеңкелерін тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы хабарлады.
Басқарманың деректеріне сүйенсек, тұрақтандыру қорынан бөлінген қаражаттың есебінен айналым механизмі аясында «Magnum» және «Gramad» секілді ірі сауда желілеріне 2,5 млрд теңге қарыз берілген. Сол арқылы аталған сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін келісімшартта көрсетілген баға бойынша арзандатып сатады. Сондай-ақ халық тығыз орналасқан аймақтарда үй маңында орналасқан дүкендерге де осы механизммен 1 млрд теңге бөлініпті.
«Сонымен қатар тұрақтандыру қорынан бөлінетін қаражаттың есебінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін өндіретін компанияларға да қарыз қаражаты беріледі. Басқарманың деректеріне сүйенсек, сиыр етін өндіруші «Қасқасу-С», «Бәйтерек» және «Алтын төбе» шаруа қожалықтарына – 680 млн теңге, көкөніс өсіретін жеке кәсіпкерлер Колесников және Сейдахметовке – 700 млн теңге, тауық еті мен жұмыртқасын өндіретін «Шымкент құс» және «Қайнар құс» серіктестіктеріне – 370 млн теңге берілген», - дейді басқарма өкілдері.
Сондай-ақ құмшекер, күнбағыс майы мен ұн өндіретін компаниялар мен наубайханаларға да айналым механизмі аясында қолдау көрсетілген. Соның есебінен аталған кәсіпкерлер өз өнімдерін арзандатылған бағамен нарыққа шығарады.
Шымкент қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының деректері бойынша күнбағыс майы, құмшекер және қарақұмық жармасы бойынша жеткізуші қызметімен айналысатын кәсіпкерлермен 1,2 млрд теңгенің келісімшарттары түзілді. Бағаны қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында жыл басынан бері арнайы комиссияның 80 отырысы өтіп, аптасына 2 реттен көшпелі жиналыстар ұйымдастырылып келеді.
Айта кетейік, бұдан бөлек, апта сайын қаланың 8 жерінде азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып, күнделікті тұтынатын тауарлар нарықтан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылып жатыр.