Қазіргі уақытта 3 күдікті ұсталды
«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалында ірі қара мал сатып алу үшін несие қаражатын алу кезінде алаяқтық фактілері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Тергеу барысында жалған құжаттарды пайдалана отырып, асыл тұқымды ІҚМ сатып алуға бөлінген кредиттік қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған, сондай-ақ бөгде тұлғаларға шаруа қожалықтарын ресімдеген 3 тұлға анықталды», - делінген агенттік хабарламасында.
Құқыққа қайшы әрекеттері арқылы олар мемлекетке жалпы сомасы 970 млн теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірген.
«Қазіргі уақытта 3 күдікті ұсталды, оларға қатысты сот «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Күдіктілердің шамамен 260 млн теңгеге жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды», - делінген хабарламада.
ҚР ҚПК-нің 201-бабының тәртібімен тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі.