БҚО-да 600 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Әр сынып бөлмесінде оқушылардың сабақ оқуына қажетті жағдайдың бәрі жасалған

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Қазталов ауылында 600 орындық А.Оразбаева атындағы жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларын, мұғалімдер мен келген қонақтарды құттықтап, білім ұясына  алғаш қадам басқалы отырған жас бүлдіршіндеріміз білімді де саналы ұрпақ болып тәрбиеленіп, еліміздің мақтан тұтар азаматтары болатынына сенім білдірді.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу тапсырмасына сай бүгін міне, заман талабына сай салынған білім ұясы өз шәкірттерін қабылдауға дайын. Мектеп құрылысы 2020 жылы ақпан айында басталып, түрлі себептерге байланысты үш жыл он ай мерзімге созылды. Жанашырлық танытып, мектептің толық аяқталуына қолдау көрсеткен азаматтарға, жерлесіміз Александр Ахметқалиұлына алғысымды білдіремін. Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның туғанына 125 жыл, ал Батыс өңіріндегі 19-ғасырда іргесі қаланған тарихы терең бірегей білім ордасының бірі Алма Оразбаева мектебіне 155 толып отыр. Осы атаулы даталар қарсанында мектептің жаңа ғимаратқа көшуі өңіріміз үшін елеулі оқиға, үлкен қуаныш», – деп мектептің ашылу салтанатында сөз алған Қазталов  ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов білім ұясына Led экран сыйға тартты.

Ауыл тұрғындарына ерекше әсер қалдырған бұл күнді қазталовтықтар  өмір бойы естерінде сақтайтыны анық.  Бүгінгі күн – білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезең.  Қазақстанның әлемдік үрдістерге кіруі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда. Аймақтық бағдарламалар іске асырылғаннан бастап аудандағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарған, барлық деңгейдегі және сатыдағы білім берудің сапасы мен қолжетімділігінің деңгейін көтеру үшін жағдайлар жасалған.

600 орындық жаңа ғимаратта 32 оқу кабинеті бар, 11 интерактивті тақта, 10 интерактивті панельмен жабдықталған. Шеберхана,  информатика,  робототехника кабинеттері, спортзал, екі  кітапхана және 50 орындық оқу залы, 130 орындық акт залы, 270 орындық асханасы, арт студия, Алма студия, фото студия, психологиялық тренинг кабинеттері бар. Әр сынып бөлмесінде оқушылардың сабақ оқуына қажетті жағдайдың бәрі жасалған.

Ескі мектеп ғимараты 2017 жылғы 18 сәуірдегі «ЖайықСтройИнжиниринг» ЖШС-ның қорытындысы негізінде апатты жағдайда деп танылған болатын, мектеп оқушылары 2022 -2023 оқу жылында бейімделген нысандарда білім алып келген болатын. Жаңа мектепте 2023-2024 оқу жылында 2 ауысымда  35 сынып-комплектінде 549  оқушы білім алады. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 51 оқушы қабылданған, мектепалды сыныбында 39 бала тәрбиеленуде. Мектепте 87 педагог қызмет атқарады.

Нысан құрылысы 2020 жылы ақпан айында басталды. Тапсырыс беруші – Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасы. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігерлік ұйым «Жиенбай» ЖШС екенін айта кеткен жөн. Ауқымды жобаның жалпы құны – 2 754,3 млн. теңгені құрайды.

Ардагер ұстаз Әлия Зербіқызы А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебі – Қазталов ауданындағы іргелі білім ордасының бірі екенін айтады.

«Бұл мектептен талай ғалым, қоғам қайраткері шыққаны бәрімізге белгілі. 155 жылдық тарихы бар мектепте 2014-2023 жылдар аралығында басшылық еттім. Осы уақыттың 40 жылы менің ұстаздық қызметім болса, оның 10 жылын басшылықта өткіздім.  Елдің болашағы – жастар. Елді тек қана біліммен, ақылмен билейтін ғасыр қазір. Сондықтан жас ұрпаққа соны дарыту – ұстаздардың парызы. Жаңа, озық технологияға сай келетін осындай мектепте мұны орындамау үлкен қате болады. Жас ұрпақтың білімді болуы үшін, қоғамға кірпіш болып қалануы үшін істеліп жатқан істерге қоғам болып, ұстаздар қауымы да бар ризашылықпен еңбек етсін тілеймін», – дейді ардагер ұстаз.

Ел  Президентінің, Үкіметтің қолдауымен Батыс өңірінің білім саласында ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында білім беру саласын дамытуға жалпы 37 млрд. теңге қаражат қаралған. Оның ішінде апатты жағдайдағы мектептердің, сонымен бірге үш ауысымды оқыту, оқушы орын тапшылығы мәселелерін түбегейлі шешу үшін 32 млрд. теңгеге 27 мектептің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда төрт мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 12 мектеп құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.

Мектептерде оқушыларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасау үшін 2,3 млрд. теңгеге 114 заманауи пәндік кабинет жабдықталып, 62 ауылдық мектепке қажетті құралдар мен жиһаз алынған.

Сондай-ақ, мектептерді апаттық жағдайға дейін жеткізбеу үшін 2,5 млрд. теңгеге төрт білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізіп, үш нысанды 2024 жылға дейін аяқтау көзделіп отыр.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА