Құрылған комиссия тексеру жүргізіп, апаттың себептері мен мән-жағдайларын анықтады
Атырау облысы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті 2023 жылдың 9 маусымында болған Маңғыстау облысындағы Қаратұрын Оңтүстік кен орнындағы №303 ұңғымадағы апатты тексеру қорытындысы жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақжайыққа сілтеме жасап.
Құрылған комиссия тексеру жүргізіп, апаттың себептері мен мән-жағдайларын анықтады. Атап айтқанда қосалқы мердігер «Заман Энерго» ЖШС бірқатар олқылықтарға жол берген.
«Қосалқы мердігер «Заман Энерго» ЖШС ұңғымаларды жобалық құжаттамасыз бұрғылаған; жобалық құжаттамаға сәйкес жабдықталмаған бұрғылау қондырғысымен бұрғылау жұмыстарын жүргізген; ұңғыма құрылысының технологиялық процесін бақылаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етпеген; апат алдындағы жағдайларды дер кезінде тану және шығарындының алдын алу мақсатында аспапты көтерер алдында ұңғыманы шаймаған; түсіру-көтеру операциялары кезінде көтерілген (түсірілген) бұрғылау құбырларының көлеміне сәйкес ұңғымаға құйылған (ығыстырылған) бұрғылау ерітіндісінің көлемін бақыламаған; бұрғылау ерітіндісіндегі газдардың концентрациясын бақыламаған», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушы «Бозашы Мұнай» ЖШС мен мердігер «Caspian Drilling» ЖШС бұрғылаудың технологиялық процестеріне дұрыс өндірістік бақылау жасамаған; ұңғымаларды салу кезінде бұрғылау ерітіндісін дайындау, өңдеу, салмақтау және тазалау әдістеріне авторлық қадағалау жүргізбеген; тиісті бұрғылау қондырғысының жұмысына бақылау жасамаған.