Шымкентте азаптау ісі бойынша сотталған экс-полицейлердің жазасы жеңілдетілді

Автор: Мира Байбек

Екі адамға қатысты қылмыстық ісі бойынша үкім өзгертілді

Фото: polisia.kz

Шымкентте полиция департаментінде адамды азаптап өлтіру ісі бойынша сотталған бұрынғы тәртіп сақшыларына қатысты сот шешімі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Otyrar.kz жазуынша, апелляциялық алқа Шымкент қалалық ауданаралық сотының екі адамға қатысты қылмыстық ісі бойынша үкімін өзгертті.

«Сот алқасы 146-баптың 3-бөлігімен сотталған Ж-ның әрекетін 146 2-бөлімнің 1-тармағына өзгерту туралы шешім қабылдады. Және 3 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деп хабарлады Шымкент сотының баспасөз қызметі.

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот Ж.-ны 7 жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Бірінші сатыдағы сот Қаратау аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы бастығы И.-ды үш жыл алты айға бас бостандығынан айырды, сонымен қатар полиция подполковнигі шенінен айырды. Ол кінәсіз деп танылып, әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылықтың болмауына байланысты ақталды.

Еске салсақ, биыл маусым айында полиция абақтысында болған ер адамның өліміне қатысты төрт құқық қорғау қызметкері бас бостандығынан айырылған болатын. Ер адам мен оның досы 2021 жылдың желтоқсан айында көлік ұрлады деген күдікпен ұсталған. Бірнеше сағаттық тергеуден кейін ұсталған азаматтың жүрегі тоқтап қалған. Полиция бастапқыда «ол жауап алу кезінде өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келгенше қайтыс болды» деп айтты. Бірақ туыстары марқұмның денесінде көптеген жарақат барын хабарлағаннан кейін құқық қорғау органдары қызметтік тексеруді бастап, күш қолдану мен азаптау фактілері бойынша төрт күдіктіні анықтап, кейін олар сотталған болатын.