«КазАвтоЖол» басшысы қызметінен кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Мейірхат Қасымбаев бұл қызметке 2022 жылдың 1 ақпанында тағайындалған

Фото: kz.qaj.kz

«ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев қызметінен кетті. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Ол қызметтен өз шешімі бойынша кеткенін атап өтті.

«Құрметті достар, қадірлі әріптестер! Бүгін жеке шешіміме сәйкес «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметін аяқтадым. Екі жылға жуық уақыт ішінде әріптестеріммен бірлесе құрылысы ұзаққа созылған жолдарды қолға алып, жобаларды аяқтау үшін аянбай еңбек еттік. Үлкен жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңда республикалық автожолдар желісінде жұмысы тоқтап тұрған бірде-бір жол жобасы жоқ деп сеніммен айта аламын. Соңғы екі жыл ішінде 7 млн тонна асфальт төселді. Бұл дегеніміз шамамен 2,5 мың шақырым жол жаңа асфальтпен қамтылды деген сөз», - деп жазды ол.

Айта кетейік, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен Мейірхат Мейрамханұлы Қасымбаев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметіне 2022 жылдың 1 ақпанында тағайындалған болатын.