Құтқарушылар 8 кеншіні іздеу жұмыстарын жалғастыруда
Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында орын алған апаттан қаза тапқан кеншілердің саны 38-ге жетті. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның хабарлауынша, Костенко атындағы шахтада 38 адамның денесі табылды, 8 кеншіні іздеу жалғасуда.
«Іздеу жұмыстарын жүргізу қираған шахта жабдықтарының, сондай-ақ жекелеген жерлерде үйінділердің болуымен қиындай түсуде», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, кеше Костенко шахтасында жарылыс болып, кеншілер қаза тапты. Мемлекет басшысы оқиға орнына арнайы барып, қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көңіл айтты.
Сонымен бірге, Президент бүгін, 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.