Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы жаңа көпір ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жоспар бойынша көпір 30 қазанда ашылуы тиіс еді

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы жаңа көпірдегі қозғалыс жоспарланған уақыттан бір күн бұрын ашылды. Жоспар бойынша көпір 30 қазанда ашылуы тиіс еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атап айтқанда, көпір сегіз жолақты, яғни төртеуі бір жағында, қалған төртеуі қарсы қозғалысқа арналмақ. Көпір үстінде сынақ 25 қазан күні басталды. Көпірдің жай-күйін бақылап, жағдайды назарда ұстау үшін тиісті көрсеткішті беретін сенсорлар орнатылды. Ондағы абаттандыру жұмысы көктемге дейін жалғасады.

Бұл көпір өзге көшелерге түсетін күшті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді: сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешітімен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен және басқа да қосымша байланысты қамтамасыз етеді.

Бұдан бұрын жаңа көпір 30 қазан күні ашылатыны хабарланған еді.