Барлық пациенттер медициналық көмекті толық көлемде алады
Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында болған апат салдарынан зардап шеккендер облыстық клиникаға жедел жеткізілді. Х. Мақажанов атындағы және басқа да медициналық мекемелердің дәрігерлері келіп түскен кеншілерді уақтылы емдеп жатыр. Бұл туралы Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Бибігүл Төлегенова айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарағанды, Абай және Шахтинск қалалары стационарларының қабылдау-диагностикалық бөлімшелеріне барлығы 28 адам жеткізілді. Оның ішінде 24 зардап шегуші ауруханаға жатқызылды.
Газдан уланған 20 адам жеңіл және орташа дәрежеде жарақат алған. Жансақтау бөлімінде түрлі жарақат алған бір науқас жатыр. Жағдайы тұрақты. Есін біледі.
Бір адам травматологияда жатыр, жағдайы орташа ауыр. Екі кенші Шахтинскінің орталық ауруханасына жатқызылған, жағдайлары орташа ауыр.
Төрт адам амбулаторлық емдеуге жіберілді.
Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге травматология және ортопедия ғылыми орталығының, нейрохирургия ғылыми орталығының Республикалық мамандарымен консультация өткізілді, барлық облыстық штаттан тыс мамандар жұмылдырылды.
Барлық пациенттер медициналық көмекті толық көлемде алады.