Бұл - Миттал мырзаның Қазақстан азаматтарына немқұрайлылықпен қарауының мысалы – Саиров

Сымбат Ғалымжан

Мәжіліс депутаты Қазақстанның азаматтарының мүддесін қорғамайтын инвесторлар Қазақстаннан кету керек дейді

Бұл - Миттал мырзаның Қазақстан азаматтарына немқұрайлылықпен қарауының мысалы – Саиров
Фото ашық дереккөзден

«Ел азаматтарының мүддесін қорғамайтын «Арселор Миттал» Қазақстаннан кетуі керек». Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осылай деді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«1995 жылдан бастап бүгінге дейін осы Қарағандыдағы «Арселор-Митталда» 200-ге тарта адам жарақаттанып, 100-ден астам адам қайтыс болды. Бұл – Миттал мырзаның Қазақстандағы жұмысы Қазақстанның азаматтарының өміріне немқұрайлылықтың мысалы. Міне, осы 30 жылдың ішінде өндірісті модернизация жасауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көк тиын жұмсалмаған. Бүкіл тапқан-таянғанының барлығын бұл компания шетелге өздерінің қалталарына салып отырған. Сондықтан Қазақстанның азаматтарының мүддесін қорғамайтын инвесторлар Қазақстаннан кету керек. Бұл жөнінде біз бұрыннан айтып жүрміз. Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы «Арселор-Митталмен» конрактіні бұзу жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Менің ойымша, бұл өте дұрыс», - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Еске салайық, компанияның мәлімдемесіне сәйкес, 25 кеншінің қаза тапқаны расталды, тағы 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Костенко атындағы шахтада шамамен 700 метр тереңдікте метан жарылды. Оқиға болған сәтте жер астында 250-ден астам кенші болды.

Сондай-ақ, Арселор компанияның меншігін Қазақстан Республикасына беру туралы мәміле келісілгенін хабарлайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен және туған-туыстарымен кездесіп, көңіл айтты. 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.