БҚО-да «Тайпақ» спорт кешені ашылды

Бұл кешенде спортшылар ғана емес, әртүрлі жастағы ауыл тұрғындары да спортпен айналыса алады

БҚО-да «Тайпақ» спорт кешені ашылды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Жолдауында айтылған «100 дене шынықтыру-сауықтыру кешені» жобасын іске асыру мақсатында Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жаңа құрылыс технологиясымен салынған ғимаратта ойын спорты түрлеріне арналған спорт залы, күрес залы, жаттығу залы, киім ілетін бөлмелері, басқа да қосалқы жайлары бар. Бұл қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо, волейбол, баскетбол, шағын футбол сынды өңіріміздегі басымды спорт түрлерін серпінді дамытуға және кеңінен таратуға, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге, қалың бұқараны спортқа тартуға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, аудан тұрғындарына дене шынықтыру мен спорттың қолжетімді болуын қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді.

Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жеңіс Нығметуллин, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров, спортшылар, сала арлагерлері ауыл тұрғындары қатысты.

«Қуанышты мерекеге орай бүгін Тайпақ ауылында жаңадан салынған заманауи 160 көрермендік орны бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ғимараты халық игілігіне пайдалануға берілгелі тұр. Аталған спорттық нысанда тайпақтықтардың спортпен шұғылдануы үшін бар жағдай жасалып, ғимарат ауданның барлық санаттағы тұрғындары үшін қолжетімді болады. Бұл мемлекетіміздің ауылдық елдімекендердің тұрғындарына қамқорлығы мен жанашырлығы деп білуіміз тиіс. Спорт кешенінің іске қосылуы ауыл спортын қарқынды дамытуға, ауыл тұрғындарының спорттық белсенділігін арттыруға, чемпиондарды тәрбиелеуге зор септігін тигізетініне сенімдіміз. Ұлт саулығы еліміздің басты құндылық деп бағалайтын ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, осы мақсатта «100 дене шынықтыру-сауықтыру кешені» жобасын іске асыруды міндеттегені белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2019 жылы облыс бойынша 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілсе, бүгін, міне, су жаңа ғимарат Чапаев және Тайпақ ауылдарында да халыққа есігін ашқалы тұр. Енді бұл спорт кешенінде волейбол, баскетбол, футзал, қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо, қол күресі сынды спорт түрлерімен шұғылдану үшін барлық жағдайлар жасалған. Ақжайық ауданы, соның ішінде Тайпақ ауылы – спорттық-бұқаралық жұмыстың қайнаған ортасы, майталман спортшылардың киелі мекені, атақты спорт шеберлері мен чемпиондардың ұстаханасы десе де артық емес. Осы жерде туып-өскен есімдері әлемге әйгілі самбо күресінің шебері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Әлемнің 4 дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров, грэпплингтен ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионы Зайреден Мұхамбетжанов, қол күресінен ҚР спорт шебері, жастар арасында Әлем чемпионы Кенжеқыз Қаупенова, бокстан ҚР спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Даниал Сәбит, қол күресінен Азия кубогінің жеңімпазы Ізбасар Нұрболды атауға болады. Одан бөлек әлем чемпионатының күміс жүлдегері Болатбек Райымқұлов, самбодан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан Әлем чемпионатының жүлдегері Бағдат Жарылғасов, самбодан және грэпплингтен ҚР дәрежедегі спорт шебері, самбодан жастар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Армат Қабдолов сынды спортшыларымызбен мақтана аламыз. Осыншама мықты спортшылар түлеп ұшқан ауылға жаңа спорт кешенін салып беру – біздің абыройлы міндетіміз», – деп салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы Нариман Төреғалиев атақты аға буынның жолын жалғастыратын жас спортшылар осы спорт кешенінде жаттығып, кәсіби шеберліктерін шыңдап, әлемдік сайыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, ел үмітін ақтайтынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, бұл кешенде спортшылар ғана емес, әртүрлі жастағы ауыл тұрғындары да спортпен айналысып, денсаулықтарын нығайтады және бос уақыттарын тиімді өткізе алады.

Ауыл спортын дамытуға бағытталған нысан ашылуына атсалысқан «Қарашығанақ петролиум опирейтинг.б.в» компаниясының әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Қайрат Бимағанбетов 20 жылдан астам уақыт облыс дамуына қаржы құйып келе жатқан компания болашақта да өңір дамуына қолдау көрсететінін жеткізді.

Одан соң Тайпақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Боранбай Қыдырғожин сөз алып, жаңа спорттық кешен ауыл спортын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Салтанатты шарада дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізген мердігер «Жаиксельстрой» ЖШС директорының орынбасары Ерлан Өзбеков нысан кілтін «Ақжайық» - дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің директоры Жаслан Күнбатыровқа табыстады. Ал ауыл спортын дамытуға сеп болар нысан лентасын облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен даңқты самбошы Ерболат Байбатыров кесті.

 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.