Қайрат Боранбаев түрмеден босатылады

Автор: Azattyq Rýhy

Оның жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды

Фото ашық дереккөзден

Қайрат Боранбаев түрмеден босатылатын болды. Оның жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сот «Б.» өтінішін қанағаттандыра отырып, жазаның өтелмеген бөлігін бостандықты шектеуге ауыстырды», - деп хабарлады Ақмола облысы Зеренді аудандық соты.

Жазаны ауыстыру кезінде сот келесі жағдайларды ескерді:

  • сотталған адам заңда белгіленген жаза мерзімінің 1\3 бөлігін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтеген;
  • кінәлі мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеді, тергеумен белсенді жұмыс істеді және жасаған ісіне өкінеді;
  • қамауда болған кезеңде оң сипатталды. Мекеме әкімшілігі тиісті құжаттарды ұсынды және өтінішті қолдады.

Ол сот шешіміне сәйкес пробациялық бақылауда болады.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, кәсіпкер Қайрат Боранбаев 2022 жылғы 17 наурызда ұсталып, қамауға алынған болатын. 

2023 жылдың 31 наурызында Астанадағы N2 Сарыарқа сотында кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты үкім шықты. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.