Ол Сирияда лаңкестік ұйым қатарында соғысқан
Қазақстанда дүниеге келіп, кейіннен АҚШ азаматтығын алған Руслан Асайынов ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) тобының құрамында болып, лаңкестік жасады деп айыпталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, Руслан Асайынов әйелімен және баласымен Бруклинде тұрған. Алайда 2013 жылы отбасын тастап, Сириядағы ДАИШ қатарына қосылған.
Ол Түркия арқылы Сирияға жетіп, сол жақта жауынгерлік дайындықтан өткен соң, ДАИШ жасағында мерген болған. Кейіннен топқа жаңадан қосылған атқыштар жасағын жаттықтырумен айналысқан. Тіпті қару-жарақ жеткізуші қызметін атқарғаны үшін «әмір» дәрежесіне дейін көтерілгені айтылады. Сонымен қатар АҚШ тұрғынын лаңкестік ұйым қатарына тартуға тырысқан.
«АҚШ азаматы, Бруклиндегі Бей-Ридж қаласының бұрынғы тұрғыны, 46 жастағы Руслан Маратұлы Асайынов шетелдік лаңкестік ұйым деп танылған ДАИШ-ке материалдық қолдау көрсеткені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Аталған жаза Асайыновқа ДАИШ мүшесі ретінде жасаған қанды қырғыны үшін жауапкершілік жүктейді. Айыпталушы өз өмірін осы лаңкестік ұйымға арнап, Сирияда көп адамға ажал құштырған мергенге айналған және өз машық-дағдысын лаңкестік топтың өзге мүшелеріне үйреткен. Сотталушы осы күнге дейін бұл қылмысқа шексіз берілгенін көрсетіп келді. Сондай-ақ Асайынов ДАИШ-ке материалдық қолдау көрсету және сот төрелігіне кедергі жасау мақсатында сөз байласты деген айыптар бойынша 20 жылға, сондай-ақ ДАИШ-пен әскери дайындықтан өткені үшін 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», - деп хабарлады АҚШ Әділет министрлігі.
Сондай-ақ айыпталушы бұрынғы әйеліне 2015 жылдың қаңтарында жазған дыбыстық хабарламасында ДАИШ-тің құрамында соғысып жүргенін айтып, қаза тапқан үш содырмен бірге түскен суретін жіберген.
Ал кейіннен қолға түсіп, түрмеде жатқан уақытында анасына жазған хабарламасында «егер қамаудан босайтын күн туса, тағы да ДАИШ құрамына қосылып, жиһадқа оралуды көздейтінін және «Аллаһқа жолыққанша», яғни өле өлгенше соғысқысы» келетінін айтқан. 2020 жылдың қыркүйегінде тергеу изоляторының қызметкерлері Асайыновтың камерасының қабырғасына ілінген ДАИШ-тың уақытша туын тәркілеген.
Айта кетсек, Руслан Асайынов 2019 жылы Сирия-Ирак шекарасына жақын Багуз қаласында болған атыстан кейін ұсталған. Тұтқынға алынар алдында ол мылтығын тастап, ұялы телефонын жойып жіберген.