СҚО-да есірткіні арнайы жерге жасырумен айналысқан жас жігіттер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Солтүстік Қазақстан облысында 18 және 21 жастағы екі жігіт оңай олжаға кенелемін деп есірткіні арнайы жерге жасырумен айналысқан. Күдіктілер. Бұл туралы СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департаменттің мәліметінше, күдіктілер – облыс аудандарының тұрғындары. Жігіттердің екеуі де жақсы отбасында өскен, спортпен шұғылданып, колледжде білім алған. Жасы кішісінің спорттық жетістіктері де бар.

Шілде айында жігіттерді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі жасырып жүрген жерінде ұстады. Олардың біреуінен белгісіз заты бар 21 түйіншек тәркіленді. Екінші жігіт көрсеткен жерден тағы 2 түйіншек табылды. Сараптама оның жалпы салмағы 19,81 грамм болатын «мефедрон» екенін көрсетті. Бұл ең қауіпті синтетикалық есірткілердің бірі. Ұсталғандардың айтуларынша, олар осындай жолмен мол ақша таппақ болған.

«Күдіктілердің бірі есірткі сататын интернет-дүкенде бір айға жетер-жетпес уақыт қана жұмыс істеп үлгерген. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», - дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.

Жастардың осындай қылмыстық «бизнеске» түсіп қалуының алдын алу мақсатында қазір полицейлер профилактикалық жұмыстарды арттырды. Петропавлдағы мектептердің бірінде жуырда өткен кездесуде СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов жеңіл ақша таппақ болған жастардың интернет-дүкендерде тек 2-3 ай ғана істеп үлгеретінін айтты. Өйткені оларды полиция қызметкерлері қолға түсіреді. Десе де есірткі сатушылар оңай жолмен ақша табуға дайын адамдарды әлеуметтік желілер арқылы іздеп, табады екен.

СҚО полицейлері 9 айдың ішінде есірткі заттарын жасырудың 84 фактісін тіркеді.