Іссапар барысында аймақ басшысы алдымен өндіріс орындары мен құрылыс учаскелерін аралады
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Теректі ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іссапар барысында аймақ басшысы алдымен өндіріс орындары мен құрылыс учаскелерінде болып, олардың жұмысын зерделеді.
Магистральное ауылында мұнай өңдеу зауыты қайта жұмысын бастады. Мұнда «URAL Petroleum» серіктестігі көмірсутегі шикізатын өңдейді және сақтайды. Сонымен қатар мазут, кеме отыны және нефрас өндіреді. Кәсіпорында жүзге жуық адам еңбек етіп жатыр. Соның 36 пайызы жергілікті тұрғындар. Облыс әкімі мұндай өндіріс кешендері өңірдің ғана емес, елдің экономикасына оң ықпал ететінін, сәйкесінше артылған жауапкершілік жүгі ауыр екенін қаперге салды.
Ал Покатилов ауылында кіреберіс жол салынып жатыр. Ұзындығы 10 шақырымнан асады. Жобаға бюджет есебінен 1,2 млрд теңге бағытталған. Тиісті жұмыстар келер жылы аяқталуы тиіс. Құрылыс сапасын көрген аймақ басшысы кемшіліктерді байқап, мердігер компания басшысына қатаң ескерту берді.
Бұдан соң Н.Төреғалиев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын бастаған фермерлерге ат басын бұрды. Ветеринар маман Әділбек Жолдасбеков ауылда сүт өндірісімен айналысу үшін қаладан көшіп келіп, кәсібін бастаған. Мемлекеттік бағдарлама негізінде 8,6 млн теңге жеңілдетілген несие алыпты.
«18 асылтұқымды ірі қара сатып алдым. Оларды қолдан ұрықтандырамын. Қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Мал қыста төлдейді. Содан соң сүт өндірісіне кірісемін. Алдын ала есебім бойынша, күніне 300 литр сүт аламын», - дейді фермер.
Дәл осы ауылда «БақытАгро 07» кооперативі құрылып, олар да «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде сүт өндірісіне басымдық беріп отыр.
«Осындай еңбекқор жандарға әрдайым қолдау көрсетуге әзірміз. Қалада қызмет еткен маман енді ауылға көшіп келіп, кәсібін бастап жатыр. Ал екінші шаруашылықта іскер жандар бірлесе жұмыс атқаруда. Олар көпке үлгі боларлық фермерлер», - деді аймақ басшысы.
Кейін облыс әкімі аудан орталығында тұрғындармен кездесті. Теректі ауданында 49 елдімекен бар. Ауылдықтар сан салаға қатысты сауалдарын қойды.
«Біздің ауылға мәдениет үйі керек. Ата-аналар балаларын қаладағы, Подстепноедағы қосымша білім беру ұйымдарына апаруға мәжбүр. Сонымен қатар денешынықтыру-сауықтыру кешені қажет. Мектептегі балалардың тең жартысы спортпен айналысып, жарыстарға барып жүр. Алайда жаттығатын қолайлы орын жоқ», - дейді Жаңаөмір ауылының тұрғыны Юлия Шыныбекова.
«Келесі жылы Жаңаөмірге мәдениет үйін салып береміз. Ал спорт кешенін салу кезек күтеді. Біз барлық аудан орталықтарын осындай нысандармен қамтып жатырмыз. Содан кейін ғана өзге үлкен ауылдарға кезек береміз», - деп жауап берді облыс әкімі.
Тұрғындар ауызсу сапасын жақсарту, жол салу, Жайық жағалауын бекіту мәселелерін де көтерді. Аймақ басшысы бұл түйткілдер жайлы хабардар екенін және шешу жолдары қаралып жатқанын айтты.