Газа секторында қанша қазақстандықтың бар екені анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан азаматтары арасында қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәліметтер тіркелмеді

Фото: Reuters

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Газа секторындағы қазақстандықтар туралы соңғы ақпараттарды жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми өкілдің айтуынша, Қазақстанның Мысыр мен Иорданиядағы елшіліктері осы аудандағы азаматтарымызбен байланыста отыр.

«Күнделікті негізде жергілікті билікпен отандастырымызды және олардың отбасы мүшелерін Газа секторынан Мысырға Рафах өткізу бекеті арқылы шығуы бойынша келіссөздер жасалып жатыр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның 67 азаматы және олардың отбасы мүшелерін қоса есептегенде, 100-ден астам адам анықталды. Қазақстаннан басқа тағы 45 ел елшілігі осындай келіссөз жүргізіп жатыр. Қазақстан Республикасы азаматтары арасында қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәліметтер тіркелмеді», - деді Айбек Смадияров.

СІМ мәліметінше, Газа секторындағы аталған 67 адамда құжаттары бар деген ақпарат тараған. Ал олардың бала-шағасында ешбір құжат жоқ.

«Кейбір балаларда Қазақстанда алған туу туралы куәлігі бар көрінеді. Бірақ осы құжаттар бойынша нақты тексеру керек», - деді ресми өкіл.