Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының келесі жиыны қашан өтетіні айтылды

Автор: Мира Байбек

Съездің 20 жылдығына орай арнайы мерейтойлық пошта маркасы шығарылды

Фото: senate.parlam.kz

Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі хатшылығының ХХІ отырысында сөз алған дін көшбасшылары қазақстандық форумның ерекшелігіне назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен келісімге қол жеткізу үшін діни және саяси көшбасшылардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығы атап өтілді. Рухани көшбасшылар Съезд қатысушыларының ортақ миссиясы – бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді қолдау үшін Форум аясында көтерілетін мәселелердің ауқымдылығын да назардан тыс қалдырмады.

Сонымен қатар кездесу барысында Хатшылық отырысына қатысушылар Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен және Съездің естелік медальдарымен марапатталды. Атап айтқанда, осы диалог алаңының қалыптасып, дамуына қосқан үлесі үшін Кавказ мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Пашазаде «Достық» орденімен марапатталды. Одан бөлек, бірқатар қатысушыға «Шапағат» медалі және Съездің Құрмет медалі табыс етілді.

Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар коммюнике қабылдады. Онда Съездің 20 жылдағы табысты қызметі және маңызды жасампаз рөлі айрықша атап өтілген. Сондай-ақ қатысушылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін құру және сын-қатерлер мен проблемаларды еңсеру мақсатында бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс құру туралы идеясына қолдау білдірді. Бұл идеяны іске асыру жолында Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде ұсынған «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасы маңызды қадам болатыны да айтылды.

«Кездесуге қатысушылар Съезд Хатшылығының келесі XXII отырысын 2024 жылдың күзінде Астанада өткізу жөнінде шешім қабылдады», - деді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы – Съезд Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев.

Тақырыпқа орай: Әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет – Тоқаев

Сонымен бірге Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 20 жылдығына орай арнайы шығарылған мерейтойлық пошта маркасын салтанатты таныстыру рәсімі өтті. Аталған марка 10 мың дана тиражбен шығарылған. Ол әлемнің филателиялық каталогтарына қосылады.