«Мәселе халықтың діни сауатсыздығында»: министр никаб пен хиджабқа қатысты заң қашан қатаңдатылатынын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Заң нормаларын әзірлеуде қоғамдық пікір ескеріледі

Коллаж: Azattyq Ruhy

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жат ағым өкілдеріне қатысты заң жобасын қатаңдату жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Дін мәселелері өте өзекті бола түсті. Қыркүйектің басында мен хиджаб жайлы да пікір білдірдім. Бұл жерде мәселе халықтың діни ұстанымында емес, діни сауатсыздығында болып отыр. Бүгінде дәстүрлі дін ағымдармен қатар, жат ағымдар да белсенді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл ретте министрлік 3 бағытта жұмыс істеп жатыр. Тәулік бойы интернет-ресурстарындағы жат діни насихаттау материалдарын анықтау жүргізіліп жатыр. 1 қаңтардан бастап қыркүйектің соңына дейін лаңкестік пен экстремизмді насихаттау бойынша 14 860 материал анықталды. Біз депутаттардың сауалдарын да тыңғылықты зерттейміз. Осы орайда дін туралы заңның бөлек нормаларын қайта қарауды жүзеге асырамыз. Қазіргі заңда диструктивті діни ағымдар бойынша түсінік те жоқ. Бұл қоғамның пікірін тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Бұл бағытта бізге сарапшылардан бөлек теологтар да көмектеседі деп ойлаймын», - деді ол.

Министр никаб пен хиджаб киіп, сақалын жалбыратып, шолақ шалбар кигендерге тыйым салу жайлы айтты.

«Біз бұл мәселені зерттеп, оларға тыйым салуды ұсынамыз. Әсіресе, қоғамдық орындарда ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұрады. Себебі бетін тұмшалап жүргендердің тұлғасын анықтау қиын. Сондықтан біз бұл мәселені қоғаммен бірлесе шешеміз. Біз талаптарды күшейтіп, заңды қатаңдату  бойынша жұмыс істейміз. Заң жобасы жаңадан әзірленсе де, қосымша нормалар қосылса да өзінің тетіктері бар. Алдымен комиссия құрылып, заң әзірленеді. Ол ашық үкімет порталына түседі. Кейін Мәжіліс пен Сенатқа жолданады. Депутаттық бастама болғандықтан олармен жақын арада қарастырамыз деп ойлаймын», - деді Балаева.

Еске салсақ, осы аптада Мәжіліс және Сенат депутаттары жат ағым өкілдеріне тыйым салу бойынша депутаттық сауал жолдаған болатын.