Биыл қос азаматтығы бар 500-ден астам адам анықталды – ІІМ

Автор: Аманалина Тоғжан

Оның басым бөлігі ТМД елдерінің азаматтары

Фото: topmigrant.ru

Сенаттың жалпы отырысының кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха қос азаматтығы барларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Сіздер білесіздер, бізде бұрыннан ондай тапсырма бар және біз қос азаматтықты анықтау мәселелері бойынша үнемі жұмыс істейміз. Конституциямызда да қос азаматтыққа тыйым салынған. Біз барлық елдегі әріптестерімізбен осы жұмысты жүргізіп келеміз. Иә, шындығында былтыр 800-ден астам дерек анықталды. Биыл осындай 500-ден астам жағдайды анықтадық. Бірақ менің айтқым келетіні, бұл 500-ден астам азаматтың бәрі Қытай азаматы емес. Негізінен бұл бұрынғы ТМД елдерінің: Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанның азаматтары», - деді Лепеха.   

Лепеха осы анықталған тұлғалардың арасындағы шенеуніктер немесе жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты да айтып өтті.

«Кезінде біз аудандық мәслихат деңгейінде, аудандық көлеміндегі шенеуніктерді анықтаған жағдайлар болғаны рас. Иә, ондай тұлғалар болды. Біз ақпаратты сәйкес жерлерге ұсынатынбыз. Биыл ондай резонансты фактілер жоқ», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ