Ташкентте әуежай маңында алапат жарылыс болды

Автор: Мира Байбек

Жарылыс толқыны эпицентрден 30 шақырым қашықтан сезілген

Өзбекстан астанасында 28 қыркүйек, яғни бейсенбіге қараған түні алапат жарылыс болды. Оқиға Ташкент әуежайының маңында болған. Бұл туралы Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігі мен Telegram-арналары хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс Ташкент әуежайындағы кеден қоймасының аумағында болған.

Әлеуметтік желілер жарылыс толқыны эпицентрден 30 шақырым жерден сезілгенін жазып жатыр. Ташкент тұрғындары әуежай маңындағы үйлерде қатты өрт шығып, терезелері сынғанын хабарлады.

Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өрт ел астанасының Сіргелі ауданында болғанын атап өтті. Құтқарушылардың айтуынша, қоймалар найзағай түскен соң өртенген.

Әзірге өрт салдарынан жараланғандар немесе қаза болғандар туралы ресми ақпарат түспегені хабарланды. Алайда ұйықтап жатқан 17 жастағы бозбаланың мойнына әйнек сынығы түсіп, көз жұмғаны туралы әлеуметтік желіде хабарланды. Сондай-ақ 5 адамның зардап шеккені туралы жазылып жатыр. 

Оқиға орнына дереу 16 өрт сөндіру және авариялық-құтқару бригадасы мен 3 баспалдақты көлік шықты. Олар оқиға орнына сағат 02:48-де жетіп, қазір өртті сөндіріп жатыр.