Облыста 2025 жылға дейін дәл осындай 50 нысан салу жоспарланып отыр
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында БҚО-да 800-ге жуық халқы бар Қайнар ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы бойынша 2025 жылға дейін ауылдық елді мекендерде 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланған болатын. Осы мақсатта ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 3,6 миллиард теңге қаражат бөлініп, жоспарланған 24 нысанның 12-сінің құрылысы басталып кетті.
Ұлттық жоба аясында Бәйтерек ауданына қарасты 800-ге жуық халқы бар Қайнар ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктінің жаңа ғимараты ел игілігіне берілді. БҚО әкімі Нариман Төреғалиев ауыл тұрғындарын құттықтап, қуанышын бірге бөлісті.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, ұлт саулығы – басты байлығымыз. Мемлекет денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша назар аударады. Бұл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы облысымызда пайдалануға берілген екінші нысан. Осынау мерейлі күні барша қайнарлықтардың, барлық отандастырымыздың дендері сау, ғұмыр жастары ұзақ, бауырлары бүтін болып, егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қоса берулеріне тілектеспін», - деді облыс әкімі салтанатты шарада.
Заманауи талаптарға сай салынған фельдшерлік-акушерлік пунктте алғашқы ем жасауға барлық жағдай жасалған. Орталықтандырылған су және автономды жылытумен қамтамасыз етілген. Қажетті медициналық қондырғылармен, жиһаздармен жабдықталған. Бүгінгі таңда фельдшер, акушер, санитар және техникалық қызметкер жұмыс істейді, штатқа медбике енгізу жоспарлануда.
Айта кету керек, БҚО-да 2025 жылға дейін дәл осындай 50 нысан салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, облыс әкімі Переметный ауылындағы Деркөл өзені арқылы салынып жатқан көпір құрылысы және Шалғай, Егіндібұлақ ауылындағы кіреберіс автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Авторы: Кәусар БАЙҒАЛИЕВА