Президент Құранды өртеу оқиғаларына қатысты мәлімдеме жасаған еді
Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында қасиетті Құранды өртеу оқиғаларына қатысты жасаған мәлімдемесін батыл қадам деп бағалау керек. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір Президенттің АҚШ-қа сапары талқыланып жатыр. Бірақ біз мына бір дүниеге жеке тоқталуымыз керек сияқты. Солтүстік Еуропаның бірқатар елдерінде Құранды өртеу сынды акциялар өтті. Артынша мұсылман елдері шу көтерді, митингке шықты, пикеттер өтті, қарсы мәлімдемелер жасалды. Бірақ одан не өзгерді? Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев күллі дүние жүзі көз тіккен БҰҰ мінберінен «Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс» деген мәлімдеме жасады. Бұл туралы біраз шетелдік ақпарат құралдары «Қазақстан мұсылман әлемінің қорғаушысына айналды» деп жазып жатыр. Шынында, ҚҰранды қолдау жолында қым-қуыт заманда кейбір мұсылман елдерінің өзі БҰҰ мінберінен ашық айта алмай отырған дүние. Сондықтан, Президенттің Еуропа елдеріне қарата жасаған мәлімдемесін батыл қадам деп айтуға болады», - деді депутат.
Айта кетейік, БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз ойын білдірген еді.
«Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс», - деді Президент.