Алматыда коронавирус жұқтырған ер адамның жағдайы ауыр

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы тәулікте қалада тағы 9 науқас тіркелді

Фото ашық дереккөзден

Алматыда коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан бір адамның жағдайы нашарлады. Дәрігерлер тағы төрт пациенттің денсаулығын орташа ауыр екенін айтып отыр.

Бүгінгі күнге дейін Алматыда COVID-19 вирусын жұқтырған 67 адам тіркелген. Оның бесеуі сауығып,14 күндік үй карантинінен шықты. Олар – 3 ер адам, 1 әйел және 12 жастағы бала. Бүгінгі күні қалалық жұқпалы аурулар ауруханаларында вирус жұқтырған 62 адам емделіп жатыр.

Жаңа анықталған тоғыз науқастың алтауы инфекция жұқтырғандармен байланыста болған. Сондай-ақ, бір әйел адам 19 наурызда Минск – Алматы рейсімен, бір науқас Дублин – Стамбұл – Алматы бағытымен және тағы бірі Стамбұл – Алматы рейсімен ұшып келген.

«56 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. 1 ересек науқастың жағдайы ауыр, төртеуінің жағдайы орташа ауыр. 1 баланың жағдайы жақсарып келеді», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жалпы алғанда бүгінгі күні провизорлық орталықтарда 1032 адам бар. Оның 122-сі – бала, 159 адам карантиндік оқшаулауда болса, 1514 адам үй карантинінде жатыр.