Жалпы бағасы 8 млн теңгеден асады: Өскеменде бір реттік вейпті заңсыз сатпақ болғандар анықталды
Қажетті шаралар сот шешімі шыққан соң қабылданады
Өскеменде жалпы бағасы 8 млн теңгеден асатын 1880 бір реттік вейпті заңсыз сатпақ болғандар анықталды. Бұл туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департаменттің мәліметінше, Өскемендегі 4 сауда орны мен дүкенге бір реттік электрондық сигареттер және осыған ұқсас өнімдерді заңсыз сатудың алдын алу үшін тексеру жүргізілді.
«Соның нәтижесінде, аталған темекі өнімдерін сәйкестендіру құралынсыз өткізу фактісі анықталды. Жалпы бағасы 8 млн 303 мың теңгеге бағаланған 1880 дана бір реттік вейп пен никотины бар сұйықтықтар тәркіленді. Осы бұзушылық үшін ҚР ӘҚБтК-нің 283-бабы 2-бөлігімен жауапкершілік көзделген. Бұл баптың санкциясында құқық бұзушылыққа қатысты тауарларды тәркілей отырып, 50-ден 500 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу жазасы қарастырылған. Қажетті шаралар сот шешімі шыққан соң қабылданады», - делінген хабарламада.