«45 әкім сайланады»: аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтетін күн белгіленді
ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мәлімдеме жасады

Қазақстанда 5 қарашада аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті. Кандидаттарды тіркеу 15 қыркүйекте басталып, сайлаудың өзіне 25 күн қалғанда – 10 қазанда аяқталады.
«Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау қараша айының бірінші жексенбісінде, яғни 5 қарашада өтеді. Сайлау 3 қала мен 42 ауданда өтеді. ОСК мен аумақтық сайлау учаскелеріне жауапты миссия жүктеліп отыр. Осындай сайлау алғаш ерт өткізіліп отыр. ОСК өңірдегі сайлау аумақтық сайлау комиссияларына нормативтік және әдістемелік қолдау көрсетеді.ОСК сайлаудың заңдылығын және ашықтығын қатаң бақылайды», - деді ОСК төрағасы.
Саяси париялар өз кандидаттарын ұсына алады. Сонымен қатар жекелеген азаматтардың да кандидат болуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте өзін өз ұсынған азамат сайлауға түсіп отырған сайлау округінде тіркелген сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайыз қолдауын жинауы қажет. Кандидаттарды тіркеу кезеңі 25 күнге созылады.
«Кандидаттарды ұсыну сайлау күні тағайындалғаннан кейінгі күннен басталады. Егер тағайындауды ертеңге күтсек, онда бүрсүгіні ұсыну басталып, ол дауыс беру күніне 30 күн қалғанда аяқталады. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, егер ұсыну мерзімі аяқталған күні екі кандидаттан кем ұсынылса, онда аумақтық сайлау комиссиясы ұсыну мерзімін ұзартуға құқылы», - деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.
Кандидаттар тіркелгеннен кейін аумақтық сайлау комиссиясы БАҚ-та кандидатты тіркеу туралы шешімін жариялайды. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары тіркеу аяқталған соң бірден басталады және ол 24 күнге созылады. Дауыс беру үшін тұрғындар таңғы сағат 07-00-ден 20-00-де дейін аумақтық сайлау учаскелеріне келе алады. Дауыстарды санау 12 сағаттан аспауы тиіс.
«Өңірлерге инспекциялық сапарларды жоспарладық. Біз әкімдерді сайлау бойынша пилоттық жобалардың дайындығын бақылауға ниеттіміз. Мүгедектігі бар адамдардың сайлауға баруын қамтамасыз ету өте маңызды. Олардың дауыс беруіне жағдайлар жасау мәселесін тапсырамын. Алдағы сайлау Қазақстандағы сайлау жүйесін дамытуда маңызды», - деді Нұрлан Әбдіров.
Сайлау науқанының негізгі мерзімінде кандидаттарды ұсынуға 20 күн, кандидаттарды тіркеуге 25 күн қарастырылған. Кандидаттарды тіркегеннен кейін бірден сайлауалы үгіт-насихат жұмыстары басталады, ол 24 күнге созылады.
Кандидаттарды ұсыну саяси партиялар арқылы және өзін-өзі ұсыну арқылы жүргізіледі.
Авторы: Әмірболат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ