ШҚО-да кәсіпкерлердің жауапқа заңсыз тартылғаны анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Заңбұзушылық жасалған сәттен бері 2 жылдан астам уақыт өтіп кеткен

Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы кәсіпкерлерді мерзімі өткен құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартудың жүйелі фактілерін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство мәліметінше, Өскемен қаласының мемлекеттік кірістер органдары бизнес субъектісін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша аударымның жоқтығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

«Алайда, құқықбұзушылық жасалған сәттен бастап және факт анықталуына дейін 2 жылдан астам уақыт өтіп кеткен. ӘҚБтК 62-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам құқықбұзушылық жасалған кезден бастап екі ай өткен соң әкімшілік жауапқа тартылуға жатпайды», - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

Осы жағдайларды ескеріп, Өскемен қаласының прокуратурасы мемлекеттік кіріс органының қаулысына наразылық енгізген. Наразылық қанағаттандырылды.

Кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді.

«Кәсіпкерлерге қатысты тағы 56 заңсыз әкімшілік іс анықталды, оларға да наразылық енгізілген (бүгінгі күні 19 наразылық қанағаттандырылды). Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасып жатыр», - деді прокуратура өкілдері.