Таразда қаңтар оқиғасы кезінде әрекетсіздік танытқан полицейлерге сот үкімі шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Сотталушыларға бірнеше бап бойынша айып тағылған

Фото ашық дереккөзден

Тараз қаласының №2 сотында қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекетсіздігі үшін полицейлерге қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотталушыларға қаңтар оқиғасы кезінде ауыр зардаптарға әкеліп соққан, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану мен қызметтегі әрекетсіздік (ҚК 362-б. 4-б., 370-б. 4-б. 1-т.) бойынша айыптар тағылды.

«2022 жылдың қаңтар айының 5-нен 6-на қараған түні Тараз қаласының полиция басқармасы мен Жамбыл облысының полиция департаментіне жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылармен шабуыл жасалған. Бұл ретте Ішкі істер органдарының лауазымды тұлғаларының әрекетсіздігінен арттехқұрылғылар (тапаншалар, оқ-дәрілер, арнайы құралдар және т.б.) мүлкі ұрланып, жоғалған. Нәтижесінде мемлекетке аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілген», - делінген іс материалдарында.

Сот іс материалдарын зерделей келе, Ш., Қ. З., О-ның кінәлері жәбірленушілер мен куәлердің айғақтарымен, түрлі сараптамалардың қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденген деп анықтады. Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуын таныды. Ауырлататын мән-жай ретінде қабылдаған антты бұзған адаммен төтенше жағдай және жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасауларын таныды.

Жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен сипатын ескере отырып, Ш, Қ, З-ға (ҚК 370-б. 4-б. 1-т. бойынша) 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салына отырып тағайындалды. Айыптау тарапымен З-ның іс-әрекеттері екі бап бойынша қате саралануына байланысты, қате берілген ҚК-нің 362-б. 4-б. (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) алынып тасталды. О-ның іс-әрекетінде ҚК 370-б. 4-б. 1-т. (Қызметтегi әрекетсiздiк) көзделген белгілер болмауына байланысты, сотпен оның іс-әрекеті ҚК-нің 371-б. 1-б. (Салғырттық) бойынша қайта сараланып, ол бойынша оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 02.11.2022 жылғы "Рақымшылық туралы" заңын қолданумен О. тағайындалған жазадан босатылды. Т-ның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.