Президент қызанақ пен көшет өсіретін жылыжай кешенін аралап көрді

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл кешенге 5,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылған

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы қызанақ пен көшет өсіруге маманданған «Lst Agro» ЖШС жылыжай кешенін аралап көрді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жылыжай кешенінің жалпы аумағы – 7 гектар. Онда жылына 3650 тонна қызанақ өсіріледі. Кешенге 5,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылған. Мемлекеттік қолдау шаралары «Даму» қоры арқылы көрсетіледі.

Президентке кәсіпорында тамшылатып суару, тұмандату және көмірқышқыл газын өндіру жүйелері жұмыс істейтіні туралы баяндалды.

Жылыжай кешеніндегі суару құралдарын, климаттық және энергетикалық жабдықтарды басқару жүйесі толығымен автоматтандырылған, сондай-ақ ол арнайы компьютерлік бағдарлама көмегімен жүзеге асырылады. Мұнда суды тазартудың заманауи технологиясы да енгізілген.

Қызанақ өсірудің озық голландтық әдісінің нәтижесінде компания өнім көлемін бірнеше есе ұлғайтып, сапасын жоғарылатуға қол жеткізді. Өнімнің басым бөлігі экспортталады.

Кешенді аралап көрген Мемлекет басшысы өндірілетін өнім түрлерімен танысып, жаңа жұмыс орындарын ашу және азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін осындай инвестициялық жобаларды іске асыру маңызды екенін атап өтті.