Демократиялық үдерістің айқын көрінісі
Жолдаудың өзегі – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қалыптастыру
Ел халқы Мемлекет басшысының әр Жолдауын асыға күтеді. Өйткені Жолдаудың өзегі – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қалыптастыру. Мемлекет басшысы әрбір саланың ілгері қадам басуы үшін бағыт-бағдар береді. Бұл құжат тек айтылды, қойылды дүние емес. Қысқа уақытта жүзеге асуы тиіс нақты тапсырмалар. Әрбір министрлік, әрбір әкімдік Жолдаудың өзегінде жұмысын жүйелеуі керек. «AMANAT» партиясы да әрдайым қоғамның, елдің дамуы үшін ауқымды жобалар ұсынып, соның негізінде қарымды тірлік етіп келеді.Бұл туралы «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Арыстанғали Арын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның сөзінше, AMANAT саяси ұйым халықшыл партия. Көпшілік білетін болар, «Ауыл Аманаты» бағдарламасының жасақталып, халыққа төмен пайызды несие берілуіне тікелей партиямыз мұрындық болды. Мұндағы мақсат – ауыл халқының әлеуетін көтеру, қазақтың қара шаңырағын дамыту, ауыл кәсіпкерлігін өрістету. Одан бөлек халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды да қолға алдық. «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы қарапайым тұрғындардың қаржыны ұтымды пайдалануға бейімдейді.
Жолдауда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: « Ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет», - деді.
Шынында, ауыл шаруашылығын өрістетпеу, ауылды өркендету мүмкін емес. Президент тапсырғандай ендігі ретте инновациялық амал-тәсілдерді қолға алуымыз керек. Агроөндірісті агроғылыммен жетілдіреміз. Мұнан өзге Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығында, оның ішінде егін шаруашылығында реформа жасау қажет екенін де айтты.
Мұнан бөлек, трансформацияланған саяси жүйеміздің басты тетігі – «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасы. Бұл бастаманы да Мемлекет басшысы көтерген еді. Соңғы бірнеше жылдың жүзінде саяси жүйе демократиялық дамудың даңғылына түсті. Еститін, тыңдайтын үкімет жасақталуда. Содан бері халық үшін, мемлекет үшін маңызды дүниелер халықтың араласуынсыз жүзеге аспайды. Өйткені биліктің бастауы – халық. Көптен бері халықты елең-алаңға салған АЭС салу-салмау мәселесі де халықтың талқылауынсыз жүзеге аспайды. Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында оны нығырлай айтты.
«Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Міне, демократиялық үдеріс деген осы» - деді ел Президенті.