ОАР-да үйсіз жандар паналаған ғимарат өртеніп, 63 адам қаза болды

Автор: Мира Байбек

Қаза тапқандар арасында балалар да бар

Оңтүстік Африка Республикасының Йоханнесбург қаласының орталығында бес қабатты ғимарат өртеніп, кем дегенде 63 адам қаза тапты, олардың арасында балалар да бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

AFP агенттігінің жазуынша, бұл туралы қаланың төтенше жағдайлар қызметінің өкілі Роберт Мулодзи әлеуметтік желіде мәлім еткен.

Өрт сөндірушілер құрбан болғандардың мәйітін ғимарат ішінен тапқан. Олардың көбі түтінге тұншығып көз жұмған.

Сондай-ақ өрттен кем дегенде 43 адам зардап шеккен.    

«Қазіргі кезде ғимараттан адамдарды іздеу жұмысы жалғасып жаты, өрт толықтай дерлік сөндірілді», - деді Роберт Мулодзи

Ведомство өкілінің айтуынша, өрт түн жарымында негізінен баспанасыз адамдар мекен ететін қараусыз ғимараттан шыққан. Осыған байланысты зардап шеккендерді іздеу жұмыстары қиындап отыр. Куәгерлердің айтуынша, ғимаратты 200-ге жуық адам паналаған.

Қайтыс болғандар арасында кем дегенде бір бала бар.

Өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ.

Айта кетсек, бұған дейін Филиппин астанасы Манилада тұрғын үй өртеніп, кем дегенде 15 адам қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз