Смайылов Универсиада жеңімпаздарымен кездесіп, TikTok желісіндегі әйгілі трендті қайталады

Azattyq Rýhy

Үкімет басшысы барлық жаттықтырушылар мен жас спортшыларға алғысын білдірді

Смайылов Универсиада жеңімпаздарымен кездесіп, TikTok желісіндегі әйгілі трендті қайталады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов 28 шілде мен 8 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында өткен ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның студенттер құрамасында 11 спорт түрінен 90 спортшы қатысты.

Нәтижесінде құрама команда жалпы медальдық есепте 119 елдің арасынан 20-шы орынды иеленді. Кездесу барысында Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының спортшыларға жолдаған құттықтау сөзін оқып берді.

Өз кезегінде Премьер-Министр студент жастардан құралған қазақстандық атлеттер осы халықаралық жарыстарда өзін лайықты көрсеткенін атап өтті.

«Қазақстандықтар сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтады. Сіздер Қытайда еліміздің абыройын асқақтаттыңыздар. Үкімет атынан және жеке өз атымнан лайықты өнер көрсеткендеріңіз үшін барлық жаттықтырушылар мен жас спортшыларға, сондай-ақ ата-аналарыңызға алғыс айтамын. Біз сіздердің спорттағы жеңістеріңіз сыйлаған қуанышты сәттерге ризашылық білдіреміз. Сіздерден жаңа жетістіктер мен рекордтар күтеміз», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы спортшылармен бірге TikTok желісіндегі әйгілі трендті қайталады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.